Главная Новости

Наурыз – ирандық-зороастрлықтардың төл мерекесі

Опубликовано: 03.11.2018

Наурыз – ирандық-зороастрлықтардың төл мерекесі

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

шығыстану факультеті ирантану және үндітану

кафедрасының оқытушысы Қасабекова Е.Қ

Наурыз мерекесі түп-төркінін сонау 7-8 ғасырлардағы Ахеменидтер династиясынан алатыны бәрімізге белгілі. Наурыз мерекесінің тойлануы зороастрлар тұсынан бастама алды деп айтады. Наурыз сөзінің мағынасы «ноу» жаңа, «руз» күн деген сөздерден шыққан. Яғни жаңа жыл, жаңа күн деген ұғымды береді.

Зороастрлар ежелгі Иран жерін мекен еткен, қасиетті кітабы «Авеста» деп аталатын дін өкілдері. Зороастрлар қазіргі таңда Иран жерінің Фарс астанында , АҚШ- та, Индияның, Индияның біраз бөлігінде мекен етеді. Зороастрлардың ілімі бойынша негізгі күн, от, аспан, жер сияқты стихиялар қасиетті деп табылады. Кейбір кітаптарда зороастрларды «отқа табынушылар» деп береді, әйтсе де зороастрлар өздері бұл пікірге қарсы шығады.

Иран жыл санауы бойынша фарвардин айының басында біздіңше наурыз айының 21 нен 22 –іне қараған түні жаңа жыл кіреді. Авесталықтардың жазбаларында фарвардин айына он күн қалғанда «фравахар» - яғни зороастрлардың сенімі бойынша адамзат баласының бойындағы жақсы, игі істердің бастамашысы , өлген кісілердің «фравахарлары» жерге түсіп, жердегі тазалық пен жақсылықтардың, игі істерді бақылауға келеді. Қазіргі Ирандағы фарвардин айының аты осы «фравахар» деген сөзге тікелей байланысты. Жоғарыда айтылған тазалық пен игі істер демекші, өлген кісілердің фравахарлары 10 күн жерде болады. Осы орайда зороастрлар үй-жайларын ретке келтіріп, отбасындағы ананың рөлі артып , отбасы мүшелерінің тазалығы мен жаңа зат, киім-кешек алуға кіріседі. Әсіресе балалардың киімдерін түгендеп, бүтіндеп, үйлерін жинап, әдемі иісті балауыздарды жағып үйге жаңа рең мен тазалық орнатады. Бұл шараларды жасаудағы негізгі мақсат – фравахарлардың жердегі дүниенің тыныш, әдемі тіршілігін көріп, өз әлемдеріне қуаныщпен оралуы деседі. Зороастрлықтар осы наурыз түнін «хамас-пат-майдиэм» деп, яғни «күн мен түннің теңесу» түні деп атады. [1, Куруш Никнаме “Наурыздан наурызға” 1379,Техран].

Тағы бір қызық жәйт, ол зороастрлардың наурызды тойлау үрдісіндегі үй төбесіндегі «от жағу» рәсімі. Зороастрлықтар жоғарыда айтқан фравахарлардың келгеніне разы екендерін осы үй төбесіне от жағу рәсімі арқылы білдіреді екен. Наурызға бір күн қалғанда от анасы алдын ала дайындалған ағашты пештің ішінен алынған қызыл шоқпен үй төбесіне алып шығады. Сонымен қатар , үй төбесіне бір ыдысқа су, жасыл-желең, көкөністер, май шам немесе балауыз , ыдысқа салынған жеміс-жидектер апарады. Отбасымен барлығы үй төбесіне шығып , Фравахарды шығарып салу құрметіне арналған рәсімдерді орындайды. Олар жемісті бөлер алдында оқитын «Авеста друнды» оқып, осылайша жемісті фравахар жолына құрбан етіп, отбасы мүшелеріне теңдей бөліп береді. Осы рәсім кезінде Авестаны мадақтайтын өз гимндерін отбасымен дауыстап айтады. Наурыз келген күні Авестадағы мәңгі отты қорғаушылар «мабедтер» алау жағып, жаңа жылдың келгенінен халықты хабардар етеді , осы сәтте олар үй төбесіндегі оттарын тұтатып шат-шадыман наурызды қарсы алады. Жанған от сөнгенше зороастрлар құдайларына сиынып, қалған шоқты әкеліп үйлерін аластап, қалғанын жергілікті «сөнбес алауға» немесе «аташкадеге» әкеледі. Міне осылайша олар отпен бір жағынан үйлерін аластаса, екінші жағынан хош иісті ағаш шоқтарын жұпар иіс алу үшін пайдаланады. [2, «Чешмандаз» мәдени журналы, Техран 2004].

Діни рәсімдерді өткізетін жерді « пескаме» деп атайды. Мұндай рәсім өткізетін жерлер таза әрі жарық болуы шарт. «Пескаме» бөлме деген мағынаны береді. Алдымен бұл бөлмеге су шашып , артынан топырақ араласқан су шашады. Иезд қаласында осындай рәсімдерді өткізуге арналған төрт бөлмелі «пескамелер» бар, оларды «чахар пескаме» яғни төрт бөлмелі пескаме деп атаған. Дастархан жасалатын көлемі жағынан үлкен бөлмені «пескаме-е мае» деп атайды. «Мае» үлкен деген мағынаны береді. Мұндай бөлмелердің кіре берісі шығысқа қаратып жасалған.Топырақ қосылған суды бөлме қабырғалары мен жерге, үйдің кіре берісіне шашады. [3, «Наурыз пируз» газета «Джам-е джам» Техран,2010].

Діни рәсімдерді жасайтын дастарханға тоқталсақ, қасиетті от сарайында немесе үйде жасайды. Міндетті түрде дастарханға «Амеше Спента» бейнесі қойылады. «Амеше Спента» - Құдайдың алты түрлі жақсы қасиеттерінің жинағы.Заратуштра осы алты қасиетті бойына сіңірген адам Құдайға біртабан жақындай түседі деген сенімдем болған. Оларға жеке тоқталсақ: «Боху Ман» - жақсы ойлау, «Аша Вахишта» - шындық , « Хшатра Вайрия» - алапат күш, «Спента Армаити» - махаббат, «Хауватат» - намыс, «Амертат» - мәңгілікті білдіреді. Мысалы махаббаттың белгісі ақ дастарханды жерге де жаяды. Осы дастархан үстіне қойылатын заттар жоғарыда айтылған алты жақсы қасиеттің белгісі ретінде жасалады.[4, http:ru.wikipedia.org]

Наурыз дастарханына қойылатын «Хафт син»-ге кеңірек тоқталып өтсек, бәз біреулер Сасанидтер кезеңінде Иранға «чини» деп аталатын ыдыстар келетін осы себепті наурыз дастархан мәзірі осы ыдыстарға салынады десе, сол сөз кейіннен «сини»-ге айналды деседі. Ал кейбіреулері «чидан» етістігінің, яғни жинау , жеті түрлі дәнді дақылдарды жинау деп біледі. «Хафт син» – наурыз дастарханы. Дастарханда арабтың «син» әрпінен басталатын 7 түрлі тамақ болуы шарт. «Сиб» – алма, «сипанд» – адыраспан өсімдігінің дәні, «сиахдане» – қара дәнек, «санджед» – жабайы зәйтүн, «серке» – сірке суы, «сир» – сарымсақ, «саману», «сумалак» – қолдан жасалған халва іспеттес ас , кейбір кездері «сабзи» жасыл-желең, немесе «секке» – тиын секілді заттар қойылды. Сонымен қатар, дастарқанға жақсылықтың, байлықтың символы «алтын балық», тазалықтың белгісі ретінде «айна» қойылады. Осы жоғарыда айтылған қасиетті 7 зат күнге көрсетілген құрмет есебінде , жақсы өнім алу үшін жасалады. [5, Рүстемов.Л.З «Парсы тілінің ізашары»].

Сонымен қатар, зороастрлардың соның ішінде, ирандық зороастрлардың наурыз мерекесінде ұстанатын әдет-ғұрыптарының ерекшеліктері ол мереке діни бағытта тойланатындығында екеніне көз жеткізіп отырмыз. Осы сөзіміздің айғағы ретінде келесі дәстүрлерді беріп отырмыз. Наурыздың алғашқы күні зороастрлар жиналып, қасиетті от алауы тұратын сарайға барып, бірлік пен татулықтың белгісі ретінде бірігіп , Құдайды мадақтайтын «кіші Авеста» дұғасын оқиды.

Наурыз мерекесіндегі қонаққа бару, қонақ күтуге келсек, балалар яғни кішілер үлкендерге барып амандасып, көрісіп, реніштері болса бір-бірінен кешірім сұрап, татуласады. Осының бәрі фарвардин айының 21-іне дейін жалғасады. Бұл 21 саны да тегіннен-тегін емес екенін дәлелдейтін Авестаның «Ата Аху Вайрио» атты гимні 21 жолдан тұратынын айта өту қажет. [6,Куруш Никнаме “Наурыздан наурызға” 1379,Техран ].

Сонымен, мақаланы жазудағы басты мақсат Наурыз мерекесінің ирандық зороастрлардан өрбіген мереке екенін қазақ тілді оқырман , тыңдармандарға жеткізу және таныстыру. Иран мен Қазақстан, Азербайжан, Ауғаныстан, Тәжікстан , Өзбекстан секілді елдерде тойланатын Наурыз мерекесінің кейбір дәстүрлерінің осы зороастрлардан алған мұрағаты екеніне көз жеткізу болып табылады. Мысалы, тек сандарға қатыста айтар болсақ, 7, 21секілді сандардың қазақ халқының да өмірі мен мәдениетіндегі қасиетті сандары екені бесенеден белгілі. Ендеше тілі мен мәдениетінде, дінінде ортақ дүниелердің бітісе қайнасып жатқан қос елдің дәл осы Ұлыстың Ұлы күні Наурызға қатысты алатын, алған дәстүрлерін зерттеу қызықты істердің бірі болып саналады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

Куруш Никнаме “Наурыздан наурызға” 1379,Техран.

«Чешмандаз» мәдени-ақпараттық журналы , Техран, 2004.

«Наурыз пируз» газета «Джам-е джам» Техран, 2010.

http:ru.wikipedia.org

Рүстемов.Л.З «Парсы тілінің ізашары»Техран, 1995.

Куруш Никнаме “Наурыздан наурызға” 1379,Техран.

Резюме

В статье рассматривается интересные обычаи и традиции празднования наурыз зороастрийцев и особенности празднования нового

года иранцев.

The article discusses the interesting customs and traditions of celebrating Nowruz Zoroastrians, and especially the Iranians celebrate the New Year.
rss