Главная Новости

Жиі қойылатын сұрақтар

Опубликовано: 13.11.2018

Сұрақ: Қайырлы күн, балабақша ашу үшін мемлекет тарапынан қандай көмек қарастырылған?

Жауап : Астана қаласының әкімдігі Сіздің сауалыңызды қарастырып, төмендегіні хабарлайды.

Сіз іске асырғалы отған балабақша ашу бойынша бизнес қазіргі таңда аса өзекті болып табылады. Бүгінгі күні мемлекет шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталған бірнеше бағдарламаны жүзеге асыруда, сондай тиімді бағдарламалардың бірі – «Бизнестің жол картасы 2020» Бағдарламасы. Сіздің бизнес Бағдарлама қатысушылары үшін экономиканың басымдықты салаларының тізіміне кіретіндіктен, Сіз екінші деңгейлі банктерде несиелік займдарды рәсімдеу барысында пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, несиені кепілдендіру сияқты мемлекеттік қолдау түрлерін пайдалана аласыз. Сыртқы желілерге (кәріз, сумен қамту желілері және т.б.) мемлекеттік экспертиза бар болған жағдайда, жеткіліксіз инфрақұрылымды нысанға тарту бойынша мемлекеттік қолдауды ала аласыз. Егер инновациялық жоба ұсынсаңыз, мемлекеттік гранттар бөлу жобасына қатыса аласыз. Бұған қоса, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамыту, «Даму-көмек» бағдарламалары жүзеге асырылуда. Толық ақпаратты www.damu.kz ., www.dkb2020.kz сайттары арқылы алуға болады.

Жалпы, Астана қаласының кәсіпкерлер палатасы бизнесті ашу және құру бойынша тегін кеңестер береді, кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін оқу курстарын өткізеді. Толық ақпаратты Қажымұқан к-сі, 8а мекен жайы бойынша Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына (КҚКО) жүгінуге немесе call орталықтың 1408 телефонына қоңырау шалуға болады.

2. Сұрақ: Заңды тұлғалардың түсті және қара металл сынықтарын жинауға (әзірлеуге), сақтауға, қайта өңдеуге және өткізуге хабарламалық тәртібін қабылдау қалай іске асырылады?

Жауап : 2016 жылдың 22 сәуірінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рұқсат беру құжаттарын қысқарту және рұқсат беру процедураларын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» 2016 жылдың 29 наурызындағы № 479-V Қазақстан Республикасы Заңының күшіне енуіне байланысты заңды тұлғалардың түсті және қара металдардың сынықтарын жинау (әзірлеу), сақтау, қайта өңдеу және өткізу бойынша қызметіне лицензия беру бойынша мемлекеттік қызмет оңтайландырылды және рұқсат берілетін түрден хабарламалық тәртіпке көшірілді.

Осы орайда, хабарламалық тәртіп Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрінің 2015 жылдың 6 қаңтарындағы «Хабарлама түрлерін және Мемлекеттік органдардың хабарламаларды қабылдау ережелерін бекіту, және хабарлама қабылдауды іске асыратын мемлекеттік органдарды анықтау туралы» №4 Бұйрығына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» 2016 жылдың 1 маусымындағы Бұйрығына сәйкес іске асырылатын болады.

Қазіргі уақытта орталық мемлекеттік органдар хабарламалық тәртіпке квалификациялық талаптар әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде.

3. Сұрақ: Қайырлы күн! Астана қ. көше саудасына арналған 1000 орын байқауының шарттарымен қай жерден танысуға болады? Өтініш беру мерзімдері қандай, қатысу үшін не қажет? Дайын құжаттарды қайда және кімге тапсыру керек? Жауабыңызға алдын ала алғыс білдіремін.

Жауап : Астана қаласының әкімдігі көкөніс сату бөлімін ашуға қатысты сіздің өтінішіңізді қарастырып, қазіргі уақытта Астана қ. әкімдігі шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында көше саудасын ұйымдастыру үшін 1000 орынның анықталып, келісілгенін хабарлайды.

Көшедегі саудаға келесі түрлері жатады: көшпелі тамақтану орындары, кофеханалар, тәтті-тоқаш сату орындары, балмұздақ, жеміс-көкөніс, газет, гүл және кәдесый және т.б. сату орындары.

Кәсіпкерлерге ыңғайлы болуы үшін өтініштер www.smart.astana.kz сайты арқылы қабылданады.

Хабарлама жарияланған соң байқауға қатысу үшін қажет құжаттардың тізімін www.astana.gov.kz сайтынан жүктеп алуға болады.

Байқауға қатысу үшін қажет құжаттардың тізілімі:

1) осы Тәртіпке №2 қосымшаға сәйкес өтініш-сауалнама; 

2)Астана қаласында тіркелген жеке кәсіпкерді немесе заңды тұлғаны тіркеу туралы куәліктің көшірмесі;

3) жалпы мәліметтер қарастырылған сауда нысанының нобайы, жағдаяттық сызбанұсқасы, бас жоспары, нысанның жоспарлары, қасбеті, жалпы көріністері, сыртқы көрінісі, дайындалған материалы, өндірушінің мекен-жайы көрсетілген сыртқы әрленуінің ведомосі немесе нысанның төлқұжаты; 

4) өкілдің өкілеттіктерін куәландыратын құжат (қажет болса);

5) өтініш беру сәтінде салық бойынша қарыздың жоқтығы туралы анықтама.

Келісім эстетикалық, санитарлық және өртке қарсы қауіпсіздік нормаларын сақтауды қарастыратын болады, ал жалға алу құнының көлемі өтімділік және қашықтық санаттарына сәйкес аймақтауға (өтімділік) байланысты болады.

Туындаған сұрақтар бойынша «Astana» ӘКК» ҰК» АҚ-ына 554973 тел., 8 778 375 24 07 ұ.тел. арқылы және Астана қаласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп Басқармасына 556913 тел. арқылы хабарласуға болады, сондай-ақ кәсіпкерлерге ыңғайлы болуы үшін өткізу мәселелері бойынша ақпарат берілетін [email protected] эл. мекен-жайы іске қосылды.

Өтініштер тек шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен ғана қабылданады.

4. Сұрақ: Келесі сұрағым бар еді. Мен - ЖШС құрылтайшысымын. Мереке күндері Астана қ. алаңында сауда жасауға рұқсат алғым келеді. Мұны қалай жасауға болады? Пошта арқылы әлде ауызша тәртіппен бе? Өтініштер қандай мерзімде қабылданады? Қандай құжаттар қажет?

Жауап : Астана қаласының әкімдігі Сіздің сауалыңызды қарастыра отырып, хабарлайды.

Көшедегі саудаға қатысу үшін Астана қаласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп Басқармасының канцеляриясына өтініш жазу қажет (Бейбітшілік к-сі, 11 520акаб.).

Мәзірдің ассортиментіне және сатылатын өнімдерге Астана қаласы бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі Департаментпен келісу алу қажет.

Өртке қарсы қауіпсіздік құрылғыларын қамтамасыз ету керек.

Жаднама (тіркелген).

Қосымша сұрақтарыңыз болса, Астана қаласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп Басқармасына Бейбітшілік 11, 521 каб. 556911, 556913 телефондарына хабарласу керек,

5. Сұрақ: ТК (тұрғын үй кешендерінің) қасында павильон орнатып, азық-түлік өнімдерін сату үшін :

1. Қандай органдарға жүгіну қажет?

2. Қандай рұқсат беру құжаттары қажет?

3. Павильон орнатылатын жерді сатып алу керек пе, әлде жалға алу керек пе, және НҚА-ға сәйкес, ол қанша тұрады?

Жауап : Астана қаласының әкімдігі павильон орнату туралы сұрақты қарастырып, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Астана қаласының әкімдігі «1000 орын – көшедегі сауда» бағдарламасы әзірленгенін хабарлайды.

Көшедегі сауданың бекітілген түрлеріне көшпелі тамақтану орындары, кофеханалар, тәтті-тоқаш сату орындары, балмұздақ, жеміс-көкөніс, газет, гүл және кәдесый және т.б. сату орындары. жатады.

Павильондардың сыртқы түрлерінің шарттары, пайдаланылатын материалдар, өлшемдер және т.б. тіркелген (таныстырылым).

Осы орайда аталған бағдарламаға қатысу үшін хабарлама жарияланған сәттен бастап 15 күнтізбелік күннің ішінде онлайн режимде www.smart.astana.kz сайты арқылы құжат тапсыру керек. Өтініштерді қабылдау туралы хабарландыру www.astana.gov.kz сайтында жарияланады

Хабарландырумен бірге сайтта жер телімдерінің тізімі жарияланады, онда мекен-жайлары, ауданы және бір жылға жалға алу құны көрсетіледі.

Жер телімі 7 жыл мерзімге жалға беріледі.

Кәсіпкерлік субъектісімен келісімге қол қойылады, ол келісім эстетикалық, санитарлық және өртке қарсы қауіпсіздік нормаларын сақтауды қарастыратын болады, ал жалға алу құнының көлемі өтімділік және қашықтық санаттарына сәйкес аймақтауға (өтімділік) байланысты болады.

Өтініштер шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен ғана қабылданады. Өтініш беру кезінде төмендегі құжаттарды тіркеу қажет:

1) өтініш-сауалнама (үлгі);

2) жеке кәсіпкерді немесе заңды тұлғаны тіркеу туралы куәліктің көшірмесі; 

3) өкілдің өкілеттіктерін куәландыратын құжат (қажет болса);

4) өтініш беру сәтінде салық бойынша қарыздың жоқтығы туралы анықтама;

5) ауданы 9 ш. метрден аз жер теліміне үміткер кәсіпкерлер сауда нысанының нобайын ұсыну қажет.

6) ауданы 9 ш. метр және одан көп жер теліміне үміткер кәсіпкерлер мекен-жайын көрсете отырып, өндіруші зауыт туралы мәліметтер ұсынуға тиіс.

Туындаған сұрақтар бойынша «Astana» ӘКК» ҰК» АҚ-ына 554973 тел., 8 778 375 24 07 ұ.тел. арқылы және Астана қаласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп Басқармасына 556913 тел. арқылы хабарласуға болады, сондай-ақ кәсіпкерлерге ыңғайлы болуы үшін өткізу мәселелері бойынша ақпарат берілетін [email protected] эл. мекен-жайы іске қосылды

6. Сұрақ: Сәлеметсіз бе, қалалық саябақтарда, Астана жағалауында балмұздақ және сусын саудасын жүргізу мәселесі бойынша қайда жүгінуіме болады? Ол үшін қандай рұқсат қағаздар керек және оларды қайдан алуға болады?

Жауап : Сұрағыңызға рахмет, Астана қаласының әкімдігі қала саябақтарында сауда жүргізу мәселесіне қатысты хабарлайды: бұл мәселені шешу үшін Сізге «Астана қ. Коммуналдық меншік қоры» МКК Тәшенов к-сі, 25, 482730, 356625 тел. арқылы хабарласу керек.

7. Сұрақ: «Бизнестің жол картасы 2020» Бағдарламасы аясында бизнесті қолдауға не кіреді?

Жауап: «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шағын және орта бизнесті дамытуға және қолдауға бағытталған. Бағдарламаның аясында банктердің несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, яғни, пайыздық сыйақы мөлшерлемесін 7%-ға дейін қысқарту қарастырылған, сондай-ақ, 50%-дан 85%-ға дейін несиелердің мемлекеттік кепілдемесін ұсыну, бір кәсіпкерге 3,0 млн теңге көлемінде мемлекеттік гранттар бөлу, электр қуаты, жылумен қамту, жол жөндеу және т.б. жетпейтін инфрақұрылымды тарту қарастырылған. Аймақтарда ауылдық елді мекендер үшін шағын несиелер беріледі.

Сонымен қатар, Астана қаласының өңірлік кәсіпкерлер палатасы «Бизнес кеңесші», «Аға сеньорлар», «Назарбаев Университетінде топ-менеджментке оқыту» компоненттерінің шеңберінде тегін оқыту курстарын өткізеді, ал «Іскерлік байланыстар орнату» аясында шетелде білім алуды қарастырады. Жас кәсіпкерлер мектебі жұмыс істейді. Сондай-ақ, бизнесті жүргізу бойынша тегін негізде сервистік қызметтер көрсетіледі, атап айтқанда, бухгалтерлік, салықтық, заңгерлік мәселелер бойынша, мемлекеттік сатып алулар, менеджмент және т.б. мәселелер бойынша.

Халықты бизнес ашу және оны жүргізу мәселелері бойынша ақпараттандыру және халыққа консультациялық қызмет көрсету мақсатында Қажымұқан к-сі, 8А мекен жайы бойынша Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы (КҚКО) ашылды.

8. Сұрақ : Мен жиһаз өндірісімен айналысамын. Қаржылық көмек көрсетуді өтінемін.

Жауап : Бүгінгі күні мемлекет «Бизнестің жол картасы 2020» Бағдарламасын жүзеге асыруда. Сіздің бизнес Бағдарлама қатысушылары үшін экономиканың басымдықты салаларының тізіліміне кіреді, Сіз екінші деңгейлі банктерде несиелік займ рәсімдеген кезде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, несиені кепілдендіру түріндегі мемлекеттік қолдауды пайдалана аласыз. Нысанға жетпейтін инфрақұрылымды тарту бойынша мемлекеттік қолдауды пайдалана аласыз. Егер инновациялық жоба ұсынсаңыз, мемлекеттік грантқа ие болуға мүмкіндігіңіз бар.

Толық ақпарат алу үшін Қажымұқан к-сі, 8А мекен жайы бойынша Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына (КҚКО) немесе call орталықтың 1408 номеріне хабарласа аласыз, онда Астана қаласының кәсіпкерлер палатасы және «Даму» КДҚ АҚ тегін кеңестер беріп, кәсібін енді бастаған кәсіпкерлерге арналған оқыту курстарын, тренингтер өткізеді.

9. Сұрақ: Мемлекеттік қаржы есебінен негізгі күре жолдан біздің қоймаға дейін жол салып, осылайша шағын отбасылық бизнеске көмек көрсету мүмкіндігі бар ма?

Жауап : «Бизнестің жол картасы 2020» Бағдарламасы аясында мемлекет қаржысы есебінен шағын және орта бизнеске жетпей тұрған инфрақұрылымды тарту сияқты қолдау түрі бар, оған сумен қамту, жылумен қамту, құбыр желілері, теміржол тұйықтары, теміржол кіру жолдары, телефонизация және т.б. жатады.

Сізге аталған қолдау түрін көрсету үшін Сізге техникалық шарттар алып, жоба бойынша мемлекеттік экспертизадан өтіп, Астана қаласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп Басқармасына жүгіну керек.

10. Сұрақ: Медициналық секторда қандай көмек қарастырылған? Медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға қаржы жетпей тұрса, қандай қолдау қарастырылған? Қандай құжаттар қажет? Грант алу мүмкіндігі бар ма?

Жауап : Әрине, Сіздің қызметіңіз экономиканың басымдықты секторына кіретіндіктен, Сіз «Бизнестің жол картасы 2020» Бағдарламасы аясында өз бизнесіңізді кеңейту және модернизациялау үшін мемлекеттік қолдау ала аласыз. Құрал-жабдықтарды несие қаржыға сатып алған кезде сізге алған несиеңіз бойынша пайыздық мөлшерлемені 7%-ға дейін субсидиялау түріндегі қолдауды пайдалануға болады, бұған қоса, несиені рәсімдеу барысында егер кепілге қойылатын мүлік жеткіліксіз болса, мемлекет 50%-ға дейін, ал кәсібін жаңа ашқан кәсіпкерлерге 85%-ға дейін кепілгер бола алады.

Грант алу үшін Сіз жаңа, инновациялық, бірегей жоба ұсынуыңыз керек. Қажет құжаттардың тізілімін Кәсіпкерлік және өнеркәсіп Басқармасының немесе «Даму» қорының сайтынан табуға болады.

11. Сұрақ: Қаланың аумағында конькидің жалға берумен айналысқым келеді?

Жауап : Сізге аталған қызмет түрі бойынша Астана қаласының коммуналдық қызмет қорына (мекен-жайы: Астана қ., Тәшенов к-сі, 25 тел: 35-63-83) хабарласу керек. Сондай-ақ, сіз жер телімін жалға алу келісіміне және азаматтардың қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы келісімге қол қоюйыңыз қажет.

12. Сұрақ: «Бизнестің жол картасы 2020» Бизнесті қолдау және дамыту жөніндегі бірыңғай бағдарлама шеңберінде мемлекеттік гранттар алудың шарттары қандай?

Жауап : Мемлекеттік гранттар шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, соның ішінде жас кәсіпкерлерге, кәсібін енді бастағандарға, әйелдерге, мүгедектерге, жасы 50-ден асқан тұлғаларға экономиканың басымдықты секторларында, өңдеу өнеркәсібінің салаларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін ақысыз және қайтарымсыз негізде беріледі.

Грант алуға конкурстық іріктеуге құжаттарын толық көлемде тапсырған, Бағдарлама шеңберінде жұмыс жүргізіп жатқан кәсіпкерлер конкурстық іріктеуге қатыса алады.

Әрбір кәсіпкер бір бизнес-жоба бойынша грант беру мақсатымен конкурстық іріктеудің қатысушысы бола алады.

Бизнес-жобаның міндетті шарттары жобаның инновациясы және кәсіпкердің оны жүзеге асыру шығындарын берілетін грант көлемінің 10%-ынан кем емес көлемде, соның ішінде жеке жылжымалы немесе жылжымайтын мүлкімен қаржыландыруы, және жаңа жұмыс орындарын құру болып табылады.

Кәсіпкерлер грант қаржысын келесі мақсаттарға пайдалануға тиіс:

1) негізгі құралдар мен материалдарды сатып алу;

2) материалдық активтерді сатып алу;

3) технологияны сатып алу;

4) франшизаға құқықтар сатып алу;

5) зерттеу жұмыстарымен және/немесе жаңа технологияларды енгізумен байланысты шығындар.

Грнат қаржысын жылжымайтын мүлікті, жер телімін сатып алуға және жалға алу төлемі ретінде пайдалануға болмайды.

Гранттың ең көп сомасы 3000000 (үш миллион) теңге.

Жаңадан құрылған заңды тұлғаның құрылтайшылары басымдықты мақсатты топқа енгізілген бірнеше жеке тұлға болса, аталған заңды тұлғаға грант сомасы аталған құрылтайшылардың 3000000 (три миллион) теңгеге көбейтілген санына тең сомадан аспауға тиіс.

Гранттар төмендегі кәсіпкерлерге берілмейді:

1) қайта құру, тарату немесе банкроттық кезеңіндегі, сондай-ақ, қызметі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тоқтатылған;

2) салық бойынша және мемлекеттік бюджетке өзге де міндетті төлемдер бойынша қарызы бар;

3) жылжымайтын мүлікті жалға беру қызметінің негізгі түрі болып табылатын.

12. Сұрақ: Қаланың аумағында франшизаны сатып алуға және енгізуге мемлекеттік қолдау көрсетіле ме?

Жауап : Франшизаны тарту мақсатында елода әкімдігі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ымен бірлесіп Астана қаласының шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру Бағдарламасын (Нүктелі несиелеу) іске асыра бастады. Аталған Бағдарлама франшизаны тарту, ритейл желілерін (супермаркеттер, гипермаркеттер), қоғамдық тамақтану орындарын дамыту және модернизациялаумен байланысты жобаларды несиелендіруді қарастырады. Бір кәсіпкер үшін несиенің ең жоғарғы сомасы - 70 млн.теңге.  Ол осы секторлар басқа мемлекеттік бағдарламалармен қамтылмағандықтан, дәл осы секторларды қолдауға және дамытуға бағытталған.

13. Сұрақ: Сәлеметсіз бе. Кәсібін жаңа бастаған кәсіпкер ретінде мені Әкімдіктен қандай көмек алуға болатыны қызықтырады.

Жауап : Шағын және орта бизнесті қолдау және дамыту мақсатында Астана қаласының әкімдігі және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ (одан ары - Қор) арасында 2016 жылдың 30 наурызында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Осы орайда, жергілікті бюджеттің және Қордың бірлескен қаржысы есебінен шағын және орта «Startup» бизнеске қолдау көрсетуге бағытталған жаңа бағдарламаны жүзеге асыру жоспарланған.

Аталған бағдарлама кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдауға бағытталатын болады, салалық бағыттар бойынша шектеулер жоқ, және бұған қоса, Бағдарлама шеңберінде «Даму» Қоры тарапынан несиелердің бір бөлігін кепілдендіру қарастырылған. Бір кәсіпкерге несиенің ең жоғарғы сомасы 50 млн. теңгеге дейін. Несиелендіруге арналған қаржы әріптес-банктерде орналастырылатын болады.

Толық ақпарат алу үшін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына (КҚКО) Қажымұқан к-сі, 8а мекен-жайы бойынша немесе call орталықтың 1408 номеріне, немесе Астана қаласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп Басқармасының «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын жүзеге асыру бөліміне (55-69-95) хабарласуға болады.

rss