Кенесары ханның басы қайда жерленген?

Опубликовано: 16.11.2018

Тақырып. Кенесары ханның басы қайда жерленген?

Айтбекова М. СР – 11к

Ғылыми жетекші

тарих магистранты

оқытушы Тутинова Н.Е. 

 

Әуелі патшалығы Ресей империясы, кейін кеңестік татаритарлық жүйе оның атын атауға тиым салып, халық жадынан өшіруге тырысты. Бірақ ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып, оқтын – оқтын елдің намыс отын тұтатып келе жатқан бұл есімді санадан бір жола сызып тастау мүмкін емес. Бұл Қазақ хандығының соңғы ханы Кенесары [2]. 

Алайда, қазақ ханына өз жерінде топырақ бұйырмай жүр. Соған байланысты тек тарихшыларымыздың ғана емес, қарапайым халықтың өзі осы мәселеге алаңдаулы. Әр қазақстандықты «Кенесары ханның басы қайда?»  деген сұрақ алаңдатуда.

1837-1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының  көсемі атанған атақты Кенесары  Қасымұлы. Жалпы Қазақ хандығының соңғы билеушісі, Кенесары – Шыңғыс ханның 27-ші ұрпағы және Абылай ханның немересі, Төре тұқымынан шыққан [1].

Ұлтымыздың тәуелсіздігі үшін жан беріп, қан төккен қазақтың соңғы ханының жасаған ерлік істері ұрпаққа өнеге. Өз жерінде өзегі талған халықты бір болуға шақырып, басқыншы орыс еліне қасқая қарсы тұруға біріктірген хан осы – Кенесары болатын. Кенесары хан Үш жүздің басын қосқан Абылай атасының ізімен қазақ жұртын тәуелсіз азат ел қылуға барын салды. Оның «Тәңірі жарылқаса, барша қазақтың басын қосамыз. Абылай атамыз кезіндегі жағдайымыз қалыптасады», – деген ұранды сөзі де, көп адамның көңіліне медеу, батырлардың басын қосуға себепші болғандығы хақ. Ол басқарған топ, қазақ деген елдің шекарасын сақтап қалуға, ұлтымыздың құрып кетуіне тосқауыл болды.

Кенесары 1847 жылдың көктемінде қырғыздармен болған қиян-кескі соғыста, жергілікті манаптардың қолынан қаза табады. Бүгінгі ғалымдардың айтуынша, қазақ ханының қырғыздар қолына түсіп қаза табуына сол кездегі ру басылары Сыпатай мен Рүстем сұлтан себепші болған деседі. Дәл осы екі адамның сатқындығынан Кенесарының шағын қолы қоршауға түсіп, ханды тұтқындаған. Қырғыздармен шешуші шайқасқа түсер алдында да Сыпатай мен Рүстем бірнеше мыңдық атты әскерін ұрыс даласынан алып кеткендігі жөнінде де деректер көп. Кенесарының басын қырғыз манабы Жантай Қарабеков алған деген дерек бар [5]. Бірақ Сібір корпусы командирінің әскери министрге 1847 жылы 18 мамырда жолдаған хатында «Кенесары қырғыздармен болған соғыста інісімен, екі баласы және 15-тей сұлтанмен қолға түсіп, барлығы дерлік қаза болды. Кенесарының басын кескен Чыжым би болды» делінген. Кенесарыны өлтіргеннен кейін әлгі екі қазақ «батыры» оның басын орысқа сыйға тарт деп ақыл айтқан көрінеді. Осыдан кейін қырғыз манаптары Кенесарының басын Батыс Сібір генерал-губернаторы А.Горчаковқа 1847 жылы сыйға тартады. Ал 1851 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Гасфорд император I Николайға жазған хатында «Бүлікшіл Кенесары Қасымовтың басы менде, темір сейфте сақтаулы, оны маған князь Горчаков қалдырған, сол бас сүйекті сізге жолдаймын», – деп жазған. Бірақ аталған басты нақты жолдаған-жолдамағаны туралы деректер әзірге жоқ. Міне, бабамыздың басы сол орысқа сыйға тартылған уақыттан бері ұшты-күйлі жоғалды [3].

Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяғанның баяндауы бойынша. 

- Кезінде Кенесарының басы Мәскеуде, не Санкт-Петербургта болғаны  рас. Бірақ одан кейін 1917 жылы  революция өтті, 1941 жылы Ұлы Отан  соғысы басталды. Бұл кезде «Эрмитаж», «Кунсткамера» сынды мұражайлардың  жәдігерлері Куйбышев және Самара қалаларына апарып тапсырылған. Сондықтан, Кенесары ханның басын табу қазір өте қиын, қайда жатқанын ешкім дөп басып айта алмайды. Мұны бір деп қойыңыз.

 Екіншіден, бүгінгі Ресей билігі  бұрынғы империалистік саясатқа  көшкен. Олар ханның басын жасырып, әдейі бермей отыруы да мүмкін. Өйткені орыстардың варварлық әдеттері бар. Естеріңізде болсын, адамның бас сүйектерін сақтау немесе Ленинді жерлемеу сынды әрекеттерді варварлық деп атайды, бұл мәдениетсіздіктің шектен шыққан түрі. Адам қайтыс болғаннан кейін жерлену керек.

 Ленинді жер қойнауына табыстау  мәселесін Ресей либереалдары  көтеріп жатыр қазір. Алайда, өте  нәтижесіз. Адамның қалдықтарын  сақтап қою деген «мәдениет»  көне варварлық мемлекеттерде  ғана болған. Мен осы бабамыздың  бас сүйегі табылмай қалады ма деп қорқамын немесе орыс билігі «мынау Кенесарының басы» деп кез-келген сүйекті бере салуы да мүмкін [5].

Кенесарының басын орыстар не істемек. «Адамның басы – Алланың добы» дегендей, соңғы ханымыз Кенесарының бас сүйегінің «қай қырда қалғандығы» әзірге жұмбақ. Біреулер, оны Ресейдегі әйгілі Эрмитаждан көрдік десе, енді біреулер оның мүлдем жоқ екендігін айтып таласады. Енді осы тұста, Хан Кененің басы орыс патшасына неліктен керек болды, соған тоқталсақ. Ресей тарабы қазақтың соңғы ханының бас сүйегін елге қайтаруға неге құлықсыз [5]. Табылған Сталинің жабасында Кеңесарының басын экспонат ретінде сақталсын деп жазылады [2]. Бұл туралы тарихшы Рашид Оразов былай дейді: «Кезінде Сталин бастап, тарихшылар қостап, әйгілі Ақсақ Темірдің моласын қаздырғанда, Ұлы Отан соғысы басталған-тұғын. Моланы қазбай тұрып-ақ бір топ қария келіп, ұлы қолбасшының көрін қазуға болмайтындығын, соғыс басталатындығын ескерткен болатын. Десек те «Құдайға сенбеген, Құранның сөзіне сенбейді» дегендей тарихшылар, тыңдамастан Темірдің моласын қаздырды. Дәл соның ертесіне соғыс та басталып кетті. Мұны дер кезінде қолға алған Сталин ұлы қолбасшының денесін қайтадан орнына көмуді тапсырады. Ал Темір денесі орнына көмілгенде, алғаш рет Сталинград жері неміс әскерлерінен босай бастаған деген дерек бар. Сол секілді орыс патшасының Кенесарының басын қазаққа қайтарудан қорқуының бір себебі, осы наным-сенім тұрғысынан болуы бек мүмкін. Олардың пайымдауынша, қазақтың соңғы ханының бас сүйегін өздеріне қайтарса, ұлтымыз күшейіп, қайтадан рухтанып кетеді. Олардың Кенесарының басын қайтармай жатқандығының басты себебі осы болуы мүмкін», – дейді [5].

Бірақ Ұлы Отан Соғысы алдында Пётр атындағы кунскамераның деректоры, академик Орбели, академик Әлкей Марғұланға Кеңесарының басын көрсетіпті, бұл академиктің өз аузынан естіген адамның әңгімесі [2].

Кенесарының денесін туған елге алып келіп жерлеу мәселесі революцияға дейін қолға алынды. Алғашқы болып Кенесарының бел баласы Сыздық сұлтан 1884 жылдар шамасында қырғыз еліне келіп, әкесінің бас сүйегін тауып беруді талап еткен. 1923 жылы Алаш қайраткерлері де бұл мәселемен айналысып, арнайы еңбектерді жарыққа шығарады. Ал еліміз егемендік алғаннан кейін 1994 жылы ҚР Үкіметінің 1994 жылы 12 шілдедегі нөмірі 278 қаулысымен Қырғызстан территориясынан Кенесары Қасымовтың сүйегін тауып, Қазақстанға алып келіп, арулап көму жөнінде арнайы экспедицияны Мұхтар Құл-Мұхаммед ұйымдастырған болатын. Экспедицияның құрамында елге белгілі жетекші ғалымдар: академик М.Қозыбаев, К.Байпақов, О.Смағұлов, хан ұрпағы Н.Кенесарина бастап, қырғыз жеріне барған болатын. Экспедиция Алмалы ауылына барып, Кенесары жерленген болуы мүмкін деген бірнеше долана ағаштарының түбін қаздырады. Бірақ сүйек табылмады. Сонымен қатар Манаш Қозыбаев Кене ханның бас сүйегі сақталуы мүмкін орындардың барлығына дерлік хат жолдап, бас сүйекті елге қайтаруға талпыныс жасады. Осылай алғашқы экспедиция нәтижесіз аяқталған болатын. Ал 2000 жылы Кенесарының бас сүйегін табу үшін жасалған екінші экспедицияны Тұрсын Жұртбаев, Шәріпбек Әмірбеков және Думан Рамазан секілді бір топ ғалым, жазушылар әрекет еткен болатын. Аталған топ мүшелері Мәскеу, Санкт-Петербор қалаларына іссапармен барып, бас сүйек сақталуы мүмкін жерлерді аралады. Бірақ бұл экспедиция да өз нәтижесін бермей, іздеуші топ Ресейден Кейкі батырдың бас сүйегі сақтаулы орынды анықтап қайтқан болатын.

2005 жылы Кенесары Қасымовтың  жерленген жерін анықтау үшін  «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында арнайы ғылыми-зерттеу экспедициясы ұйымдастырылды. Оның құрамында Едіге Уәлиханов, Молдияр Серікбаев, Рашид Оразов секілді ғалымдар болды. Экспедиция жаңа ғылыми нәтижелерге көз жеткізген болатын. Кейбір тарихи атаулардың екі елде де қайталануы зерттеу кезінде біршама қиындықтар тудырған. Мысалы, Қырғыз елінде Шамшы деген жер атауы болса, Қазақстанда Самсы атауының бар екендігі анықталған. Сол секілді ол жақтағы Алмалы сайдың елімізде Алмалы деген аттасы бар. Борды – Борлы, Он бір жылға – Он бір жыра толып жатқан осындай ұқсас жер атаулары Кенесары ханның бас сүйегін іздеуге кедергі жасаған. Әзімбайдың бақшасындағы қоршалған темір тордың ішінде «Кенесары Қазақ елінің ханы 1872 жылы жерленген және 04.03.2007 жылы қазақ жеріне қайтарылған» деп қашалған құлпытас қойылған. Зерттеушілер қырғыздардың Хан Кенеге көр қазып әуре болмай, үстіне топырақ үйе салып, сай-саланың біріне жерлей салғанын айтады.

Жалпы, хан Кененің бас сүйегі табылмаса, оның бейнесі қандай деген сұрақ туады. Белгілі тарихшы Ермахан Бехмуханов «Кеңесары орта бойлы, арықтау, жүзі қалмақ тектес, көздерінде қулығы мен қатігездігі бар» деп бейнелеп жазады.

Әзірге, Хан Кененің басын қайтарудан бұрын, ол бас сүйектің қайда жатқандығы белгісіз болып отыр. Десек те, «жақсы істің басына жақсы келер қасына» демекші, Үкімет басшысы Серік Ахметовтың өзі аталған мәселеге мұрындық болып, қолдау көрсетпек. Премьер-Министр соңғы ханымыз Кенесарының басын іздестіру жұмысын тоқтатпау керектігін айтады. Әрине, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, бірлесіп іс қылсақ шешілмейтін мәселе жоқ. Қазақ ханына қазақ жерінің бір уыс топырағы бұйырғай.

Сөзімді жазушы Ғаббас Қабышұлының сөзімен аяқтағым келеді...

 «Кенесарының денесі мен  басы қосылмай, қазақтың күні  оңбайды» [5].

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қолданылған әдебиеттер

 

«Тарихи тұлғалар»21. Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 Кенесары хан, деректі фильм 2010 жылғы зерттеулер. Күлтөбе.kz BAQ.kz «Раханият қайнары», (Кенесары ханның басы қайда?). http://www.elarna.com/koru_kk.

rss